Қазақстанда Тұңғыш Президент күні тойлануда
Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне арналған бірыңғай сынып сағаттары еліміздің барлық оқу орындарында жарияланды
Елбасының мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі туралы Шығыс Қазақстанның 645 мектебінің оқушылары мен 80 колледждің студенттері ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған бірыңғай сынып сағаттары мен ашық сабақтар барысында айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі. Бұл Жалпыұлттық іс-шара оқушылардың Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тақырыптық сабақта оқушылар оқытушылармен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмірбаянын, мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін еске алып, елдің жетістіктеріне ғана емес, сондай-ақ өз өміріндегі және әрбір қазақстандықтың өміріндегі Тәуелсіздік түсінігіне де назар аударды.
Тәуелсіздік - халық пен елдің басты құндылығы. КСРО ыдырағаннан кейін бүкіл халық біраз алаңдап қалды. Мұны біздің ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз есіне алады. Моральдық жағынан ғана емес, материалдық жағынан да қиын болды, өйткені көптеген кәсіпорындар жабылды, бірнеше ай бойы жалақы төленбеді. Жас ұрпаққа қазір елестету қиын, бірақ біз оларға елдің қалай тәуелсіздік алғанын, Кеңес Одағы ыдыраған кезеңнен өткенін, бәрі қайтадан салынғанын айтуымыз керек, – деді Мұхтар Әуезов атындағы №17 мектептің тарих және дінтану пәнінің мұғалімі Ирина Тормашова.
Ашық сабақ барысында оқушылар жастарға ұсынылған үлкен мүмкіндіктер мен перспективаларды атап өтті. Олардың көпшілігінің спортта, оқуда, волонтерлік қызметте, шығармашылық дамуда жетістіктері бар.
Менің ойымша, біздің елімізде жастар үшін көп нәрсе жасалуда, көптеген бағдарламалар мен жобалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Біз ғылымда, өнерде, спортта үлкен жетістіктерге жеттік. Осының барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының арқасында, – деп бөлісті Мұхтар Әуезов атындағы №17 мектептің 9 сынып оқушысы Наталья Анищенко.
Сондай-ақ, балалар Қазақстанның қалыптасуында, атап айтқанда, еліміздің бірінші басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты қызметке тағайындау, мемлекеттік рәміздер мен валютаны енгізу, Қазақстанның Конституциясы сияқты маңызды даталар мен тарихи оқиғаларды еске алды. Сонымен қатар, оқушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесі әлемнің барлық саясаткерлерінің үлкен қызығушылығын тудыратынын, ал оның идеялары мен бастамалары терең зерттеу тақырыбына айналатынын атап өтті.
Өзіне жауапкершілік ала білу, елдің дамуына нақты көзқарас таныту және оны қорғай білу – бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа тән қасиеттер. Бүгін біз балалармен тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің маңызды рөлін ашып, тарихи фактілермен таныстық. Біз патриотизмді тәрбиелеу үшін сынып сағаттарын жиі өткіземіз, Тұңғыш Президенттің қызметі туралы көп айтамыз, пікірталастар, мәнерлеп оқу конкурстарын өткіземіз. Осының барлығы лайықты ұрпақты тәрбиелеуде маңызды, – деп атап өтті Өскемен қаласының №10 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Беркутова.
Сынып сағаттарының көптеген қатысушылары өз пікірлерімен бөлісті, олар Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы сөзсіз үлгі және бағдар болуы керек деп санайды, өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті барлық шыңдарға қажырлы еңбектің, даналықтың және сарқылмас қуаттың арқасында қол жеткізді.