Алматыда ұрланған телефондар Бішкекте сатылып отырған
Алматы полициясы ұрланған телефондардың Бішкекте сатылғанын анықтады
Алматы ІІД Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері қатарынан құрылған арнайы топ өкілдері Бішкекке барған, деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның полиция қызметкерлері жергілікті құқыққорғаушылармен бірігіп, қаланың телефон сатумен айналысатын және "жабайы" сауда орындарын аралады. Сатушылардан сөрелерінде болған барлық телефондардың IMEI-коды туралы мәлімет алынды.
- Осылайша, 2012 жылдан 2016 жыл аралығындағы мәліметтерді салыстыру шаралары өткізілді. Осы уақытқа дейін Алматыда ұрланған 104 ұялы телефон анықталды, - деп бөлісті алғашқы ақпараттармен Алматы ІІД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Алматыда ұрланғаны анықталған телефондарды қайтару туралы Қазақстанның Бас прокуратурасының халықаралық тапсырмасын атқару мәселесі қарастырылып жатыр. Ол телефондар өндірісте бар қылмыстық іске тіркеледі.