Қазақстандағы білім сапасы төмен ЖОО-ларды жабу жоспарлануда
ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын қысқарту үшін қандай критерийлер ескерілетінін атап өтті
Министр Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жоғары оқу орындары жаппай тексерілетін болады. Осылайша білім сапасын анықтамақ, деп хабарлады Sputnik Қазақстан сайты.
Түлектері жұмысқа орналаса алмай жүрген ЖОО-ларды жабу қажет дегенді ел Президенті өз Жолдауында атап өткен болатын. Алайда оларды жабу үшін алдымен тексеріс жүреді.
- Студенттерді сапалы білім нәрімен сусындатып жүрген оқу орындары жұмысын жалғасыра беруі керек. Ал түлектері жұмыс таба алмай жүрген, білім сапасы нашар оқу орындарына қатысты министрлік қатаң шара қолдануы керек. Қазір тексеріс басталады. Талапқа сай емес жоғары оқу орындарына тиісті шаралар қолданылады, - деп мәлімдеді министр.
Ал жаңа жоғары оқу орындарын ашу мәселесі үкіметпен келісілетін болады.