Автобус жүргізушілері жетпегендіктен халық сағаттап аялдамада тұруға мәжбүр
Өскемендегі қоғамдық көліктердің кешігіп жүруіне жүргізушілердің жетіспеушілігі себеп
Қыркүйек басталғалы бері қала халқы автобустарды аялдамада сағаттап күтуге мәжбүр. Кешігіп жеткен қоғамдық көлік ішінде ине шаншыр орын болмайтыны тағы бар.
- Бұрын №10 бағыттағы автобус белгілі график бойынша жүретін. Мен үйден 8.20-да шықсам, 5-10 минуттан кейін автобустың келетінін нақты білетінмін. Қазір ол тек 9.10-да бірақ жетеді, - дейді қала тұрғыны Надежда. - Соның салдарынан жұмысқа кешігіп келемін.
Бұл тек бір бағытта орын алған жағдай емес. №№10, 38, 26, 32, 27, 42, 55 тағы да басқа автобус жолаушылары да жиі шағымданады. "Қазақстан шағым кітабында" да осы мәселеге қатысты пікір көп.
Ал таксимен жүруді ешкімнің қалтасы көтермесі анық. Сондықтан да халықтың қанша болса да күтуден басқа амалы таусылған.
- Өскеменде автобус жүргізушілері жетіспейді, - дейді "Марат-М" жолаушыларды тасымалдау компаниясының диспетчері Қымбат Базылова. - Базада автобустар қаңтарылып босқа тұр. Рөлге отырар ешкім жоқ. Сондықтан да автобустардың арасындағы интервал тым ұзақ.
Оның айтуынша, көлік компаниясы өзге өңірлерден жүргізушілерді жұмысқа тартуға мәжбүр. Ал жергілікті жастар автобус тізгіндеуден қашатын көрінеді.
- Жүргізушілердің көбі егде жастағы азаматтар. Басым бөлігі зейнетке шығып жатыр. Кетушілер көп те, келушілер аз, - дейді Жолаушылар тасымалы басқармасы орталығы директорының орынбасары Ольга Графкина.
Оған себеп – жүргізуші жұмысының беделсіздігі мен жалақының аздығы. Оның үстіне автобус жүргізу үшін қажет D санатын беру үрдісін де күрделілендіріп жіберген.
Бұл мәселенің шешімін табуға ешкім басын қатырып жатқан жоқ.