Семей тұрғыны фискалды чекті тіркеп, iPhone 7 ұтып алды
Ол "Түбіртекті талап ет ‒ жүлдені ұт" акциясына қатысқан
Семей қаласының тұрғыны Бағила Жұманқызы 21 маусымда смартфон ұтып алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жеңімпазға сыйлықты ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктанов, "Қазақтелеком" АҚ БЖК маркетинг департаментінің жетекші талдаушысы Татьяна Никкель және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілі Денис Жабин табыс етті.
- "Шығыс - адалдық алаңы" жобасы аясында 1 мамырдан 8 тамызға дейін "Жүз күн ішінде жүз смартфон!" атты акция өтеді, - деп еске салады ШҚО "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында. - Осы уақыт ішінде республика тұрғындарына 51 смартфон табысталды.
Акция кезінде кез келген адам жаңа телефон иегері бола алады. Ол үшін "Таңдау" мобильдік қосымшасында сатып алынған тауарлардың, көрсетілген қызметтердің чектерін дәл сол күні тіркеу қажет.
- Акцияға деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналардың чектері (онлайн БКМ) қатыса алады, - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасында.