Елордалық ұры әйел 11 миллион теңгенің заттарын ұрлаған
Қылмысты жасардың алдында әйел осы үйге біршама уақыт бұрын үй күтушісі болып орналасқан
Қожайындарында жұмыс істеген бір ай көлемінде қаскүнем өз жоспарын жүзеге асыруды ойластырып жүрген. Жұмысынан кеткен соң, кілттердің дубликаттарын жасап, бетін бейсболкамен, көзілдірікпен жасырып, пәтерге кіріп, қымбат әшекейлер мен әйелдердің брендті сөмкелерін жымқырған, деп хабарлайды Tengrinews.kz. сайты.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталған, ұрланған заттарды өткізіп үлгермеген. Барлық заттар қожайындарына қайтарылып берілді.
Әйелге қатысты "Ұрлық" бабы бойынша іс қозғалды. Осындай жағдайларға жол бермеу үшін Нұр-Сұлтан қаласының полициясы тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмауға кеңес береді: мықты құлып алуға қаражат үнемдемеу, жеке үйлердің тұрғындарына дабыл орнатып, терезелерге темір тор салуды қолға алу.
Сонымен қатар, оларды орнату барысында жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалау, өйткені ұрылардың терезелердің темір торларын оп-оңай жұлып алған жағдайлар да орын алған.