Мүгедек балаларды асырап отырғандардың зейнет жасы азайтылуы мүмкін
Қазақстанның коммунистік партия өкілдері осындай ұсыныс жасап отыр
Қазақстан парламентіндегі коммунистік партия фракциясының депутаттары үкіметке сауал жолдап, мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларға ерекше көңіл бөлуді сұрады.
Ұсыныстардың арасында ата-аналардың зейнет жасын төмендету және жұмыс уақытын қысқарту сынды жеңілдіктер бар. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасының мүшелеріне көп психологиялық және эмоционалдық күш түсетіндіктен әрі оларға күндіз-түні күтім жасау, қарау керектігін ескерсек, мұндай жеңілдіктердің өте қажет екенін ұғамыз.
Одан бөлек, коммунистер балабақшалардан мүгедек балаларды тәрбиелеуге арналған арнайы топтарды ашуды ұсынды. Ал отбасы мүшесінің біреуінен айырылған жағдайда, бір реттік жәрдемақы беру туралы ұсыныс жасалды.