Дәурен Абаев көпбалалы аналар туралы: Бәріне бірден үй таратып беру деген - ақылға сыймайды
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев көпбалалы аналардың мәселесіне қатысты пікір білдірді
Министрдің айтуынша, алаңға шыққандардың бәріне бірден үй таратып беру деген - ақылға сыймайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
- Бірден айтайын: алаңға шыққандардың бәріне бірден үй таратып беру деген - ақылға сыймайды. Мемлекет көпбалалы аналарға көмектесуден бас тартып отырған жоқ. Бірақ, барлық жағдайдың саналы межесі болуы керек. Бұрын да айтқан едім, бүгін де қайталаймын - қазіргі таңда бүкіл ел аумағында көпбалалы отбасылар үшін салынатын тұрғын үйлердің құрылысы басталып кетті. Осынау қор бірнеше жылдың ішінде базалық тұрғыда мұқтаж отбасылардың қажеттігін жауып береді. Үй құрылысы аяқталмай жатқан кезде әкімдіктер қолда жоғын қалай тауып бере алады? Бірақ, осыған қарамастан, елордада "Тұрғын үй жинақ банкі" арқылы ондаған отбасы пәтерге немесе жалға берілетін үйге ие болды, - деді Дәурен Абаев "Хабар" арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында.
Министр өз сөзінде "Берекелі баспана" бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін құжат қабылдау басталып кеткенін еске салды.
-Жыл басынан бері бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне 1 млн теңгелік баспаналық сертификаттар берілуде. Бұл сома - алғашқы жарнаны толықтай жауып тұр. Осының бәрі де бюджет қаражаты есебінен іске асырылып жатыр», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көпшілік анық түсінбей жатыр.