Өскемен
облачно
+18°
  • Өскемен
    +18°
  • Алматы
    +19°
  • Астана
    +22°
  • Ақтөбе
    +13°
  • Актау
    +14°
  • Орал
    +16°
  • Қарағанды
    +21°
  • Көкшетау
    +23°
  • Қостанай
    +7°
  • Қызылорда
    +30°
  • Павлодар
    +20°
  • Петропавловск
    +19°
  • Тараз
    +22°
  • Туркестан
    +8°
  • Шымкент
    +24°
$
440.92
+1.52
475.36
+1.82
¥
60.95
+0.13
4.82
+0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Евгения Чех
Ақпарат көзі:
Устинка

Облыстағы үгіт-насихат жұмыстарының барысы қандай?

Қазақстан президенттігіне үміткер кандидаттардың барлығы сәуір айының 11-інен бастап қызу үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті

Әрбір аймақ пен аудан-ауылдарда үміткерлердің сенімді өкілдері мен көмекшілері тағайындалып, еріктілер мен қолдаушылар бас қоса бастады.

Газетіміздің өткен санында жеті үміткердің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, тұрғындарға сайлауға қатысудың мән-жайын түсіндірген болатынбыз. Енді бұл санда аймақтық үгіт-насихат штабтарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталғымыз келіп отыр.

Сайлау бюллетенінде кандидаттардың тізімі қазақ тілінің әліпбиіне орай орналастырылғандықтан, біз де сол қағидаға жүгінгенді жөн көрдік.


Қазақстан Коммунистік Халық партиясы 

(Жамбыл Ахметбеков)

Аталмыш партия президенттік сайлауға Жамбыл Ахметбековті ұсынып отыр. Жастармен бірігіп көшет отырғызу, ауланы көгалдандыру, флешмоб өткізіп, көкке шар ұшыру - "қызылдардың" әдеті. Шығыс Қазақстандағы қолдаушыларымен кездесу үшін Жамбыл Ахметовтің өзі де келді: 3 маусым күні Семейде, 4 маусым күні Өскеменде кездесу өткізді. Партия белсенділерімен, қала тұрғындарымен жүздесті. Облыс орталығының экономика және қаржы колледжінің ғимаратында жастармен кездесіп, оқытушылардың талаптарын таңдады. Сайлауға ұсынған бағдарламасын таныстырып, елді өркендетудің жолдары қандай, сол жайында баяндады. Барша қазақстандықтарды азаматтық позиция танытып, 9 маусым күні өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Өзі қалаған, өзі сенген үміткеріне жанашыр болып, қолдау көрсетуін өтінді.

Қазіргі уақытта Жамбыл Ахметбековтің агитациялық баннері Чехов көшесінде ілініп тұр.

- Біздің үміткер Қазақстан Парламентінде Коммунистік халық партиясының орны бар екендігін қадап айтты. Қарапайым тұрғындардың мүддесін қорғау бойынша мемлекеттік деңгейде жұмыстар жасалып жатыр. Демек, алдағы уақытта да еліміз бен өңіріміз үшін маңызды мәселелерді шешуге атсалысарымыз сөзсіз, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық комитет хатшысы Шыңғыс Байдәулетов.

Партияның облыстық штабының мәліметтеріне қарағанда, аймақтағы насихат жұмыстарына 10 мыңнан аса сайлаушы жұмылдырылған. Агитациялық кампания тарапынан заң талаптары бұзылған емес, наразы топтар жоқ.


"Ақ жол" (Дәния Еспаева)

Үміткерлердің арасында Дания Еспаеваның орны ерекше. Ол - президенттікке үміткер болып отырған жалғыз әйел.

- Біздің штабқа жүгінушілердің көбі Дания Еспаеваның өмірбаянын білгісі келеді. Оның кім екенін, қандай қызметте болғанын, немен айналысатынын жиі сұрайды. Аудан өкілдіктері тарапынан біздің баннер мен үнпарақтарға, ақпараттық аншлагтарға деген сұраныс жоғары. Халықтың белсенділік танытып, агитациялық кампанияға жүгініп, сайлауға барынша дайындалып жатқаны қуантады, - дейді кандидаттың шығыстағы сенімді өкілі Бүркіт Сұлтанов.

Шығыс Қазақстан бойынша "Ақ жол" партиясы үміткерін насихаттау үшін 20 кездесу мен іс-шара өткізді. Әсіресе, Семей мен Өскемен қалаларында, Курчатов пен Бесқарағай ауданында "Ақ жолдың" агитациялық акцияларының белең алғаны байқалады.

Алдын ала деректерге қарағанда, үгіт-насихат кампаниясына 25 мыңнан аса шығысқазақстандық қатысқан.


"Ұлт тағдыры" (Әміржан Қосанов)

Өңірге таныс танымал тұлғалардың тағы бірі, оппозиция өкілі - Әміржан Қосанов. Бұл оның облыстағы штабының өнімді жұмыс жасауына мүмкіндік беріп отыр. Олардың мәліметіне қарағанда, Зайсанда өткен кездесудің өзіне 7 мыңға жуық адам қатысқан.

- Әміржан Қосановтың сайлауға арналған бағдарламасы ғаламтор арқылы көптеп таратылуда. Қазір халықтың жартысынан көбі ақпаратты ғаламтор мен әлеуметтік желілерден алып оқиды. Штабқа келуші азаматтар да сайлау бағдарламасымен танысып, сұрап, салыстырып кетеді. Елде өзгеріс болғанын қалайтын азаматтарға үміт артамыз, - дейді сайланушының аймақтағы сенімді өкілі Абай Қайсенов.

Штаб қозғалысына жастар жағынан қолдау көп: олар үгіт-насихат парақтарын таратып, қоғамдық жұмыстарға атсалысуда. Мәселен, "Ұлт тағдыры" белсенділері Жастар саяжолына тал отырғызып, саябақ пен аулаларға көгал егуде.

- Сайлау кампаниясы жоғарғы деңгейде өтуде. Сайлаудың ашық, белсенді әрі заңды боларына сенеміз, - дейді сенімді өкіл.


"Ауыл" (Төлеутай Рақымбеков)

Төлеутай Рақымбековтың қолдаушылары ауыл тұрғындарына үміт артып отыр. Үміткердің өзі де Шығыс Қазақстанға бірнеше рет келіп, шаруалармен кездесті. Мәселен, Семей қаласына келген кезде Төлеутай Рақымбеков "Опытное хозяйство масличных культур" ЖШС ұжымымен және кеме жасау зауытының жұмысшыларымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ал аудандағы өкілдер мен белсенділері қожалық иелерімен кездесіп жатыр. Ауыл шаруашылығын дамытуды ұсынған үміткерді ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуші компаниялар да қолдай бастады. Мәселен, "Эмиль" сүт зауытының жұмысшылары үміткерді қолдап, көлемді іс-шара өткізді. "Ауыл" партиясына Шығыс Қазақстаннан 5 мыңға жуық адам тіркелген. Үгіт-насихат жұмыстарын, көбінесе, партия мүшелері жасауда.

- Ғаламтор мен ұялы байланыс желісі әлсіз аудандар мен ауылдарда агитациялық материалдардың аз екенін байқадық. Кейбір жерде мүлдем жоқ. Ауыл халқының көбі сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің бағдарламасымен таныса алмай бейхабар күйде отырғанына наразы. Сондықтан ауылдағы үгіт-насихатты күшейтеміз, - дейді аймақтағы үміткердің сенімді өкілі Сергей Котов.

Үміткерді кең таныстыру үшін, тіпті, "ауылдастар" арасында мини-футболдан турнир де өткізілді. Облыстық штабта бақылаушылардың тізімі дайындалып, оған 520 партия өкілі енгізілді.


ҚР Кәсіподақтар федерациясы (Амангелді Таспихов)

Амангелді Таспиховтың сайлауалды штабы брошюралар мен үнпарақтарды таратып, агитациялық материалдарды жабыстырумен айналысуда. Еріктілер мен белсенділер аудандарға жол тартып, қоғам бірлестігінің бағдарламасын таныстырып жатыр. Жақында ғана Шемонаиха ауданындағы білім беру ұйымының кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізіп қайтты.

- Біздің ойымызша, ауылдың интеллегенциясы - бұл мұғалімдер мен тәрбие берушілер, яғни, білім беру мекемелерінің қызметкерлері. Оларға қарап ауыл тұрғындары бой түзейді. Сондықтан оларға сайлау бағдарламасын таныстырудың маңызы зор. Біз сайлауға қатысуға, таңдау жасауға міндеттіміз, - дейді сенімді өкіл Юлия Буднецкая.

Ал Амангелді Таспиховтың Семей қаласындағы өкілдері студенттермен, ауыл шаруашылық кәсіпкерлерімен кездесті. Олар ауыл өмірін жақсарту мен ауылда еңбек етушілердің құқығын қорғау, әлеуметтік жағынан көмек көрсету мәселелерін талқылады.

- Семей өңірінде қоныстанған халықтың саны өте көп. Алайда кәсіподақ ұйымдарына мүше болып тіркелгендердің саны 2 мыңға да жетпейді. Агитациялық кампания кезінде айтылған мәселелердің барлығы сайлауға үміткер болып отырған тұлғаның өзіне жеткізілетін болады. Ол оны үкімет пен атқарушы органдарға жеткізіп, мәселені шешуге тырыспақ, - дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Егор Каппель.

Бұдан кейін штаб өкілдері Алтай ауданындағы Тұрғын су электр стансасына барып, бекет ұжымымен кездесті.


Nur Otan (Қасым-Жомарт Тоқаев)

Елдің қазіргі президенті әрі "Nur Otan" партиясының атынан сайлауға түсіп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың агитациялық кампаниясы Шығыс Қазақстан бойынша 550 кездесу өткізіп, 20 мыңнан аса адамға үгіт-насихат жүргізді. Одан бөлек, желілік графика аясында 700 іс-шара өткізіліп, 170 мың адам қатысты.

"Есіктен есікке" республикалық акциясы аясында белсенділер мен еріктілер 500 мың пәтер мен жер үйлерге барып шықты. Басқарушы партияның үгіт-насихат жұмыстары, негізінен, ауылды жерлерде басым жүргізілуде.

- Біз сіздерге үміт артамыз, құрметті дәрігерлер, - деп сөзін бастады Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бородулиха ауданындағы сенімді өкілі Рысгүл Атаева аудандық аурухана ұжымымен кездесу кезінде. - Жұмысының көптігіне қарамай, уақыт тауып Семей қаласы мен облыс орталығына келіп қайтқан біздің кандидат өңірдегі басты мәселелерге көңіл бөліп, оны шешуге білек сыбана кірісіп кетті. Ол - халықты ауруханамен, мектеппен, балабақшамен қамту, экологияны жақсарту мәселелері.

Ал аудандық аурухана қызметкерлері азаматтық ұстаным танытуға дайын екендігін білдірді.

- Ауылдағы дәрігерлер - саяси жағынан өте белсенді жандар, - дейді Бородулиха орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Умуд Эфендиев. - Біз сайлауға келуге дайынбыз, қалаған үміткерімізге дауыс беруге әзірміз. Өз басым мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты болғанын, дамығанын қалаймын. Әсіресе, денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен жасақтауға одан әрі көңіл бөлінсе деймін.

Айта кеткен жөн, агитациялық бағдарламаны халыққа таныстыру басталған сәтте "Nur Otan" партиясы "Бірге" акциясын да қоса бастаған болатын. Акция аясында сайлаушылардың көңілін мазалап жүрген әрі тез арада шешімін табуы тиіс сауалдар мен мәселелер жинастырылуда. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша 32 мыңға жуық ұсыныстар мен өтініш-тілектер жиналып, 40 мыңнан аса бланкі толтырылды. Түскен ұсыныстар мен сауалдарды өңдеу үшін үш эксперттік кеңес құрылды.


"Ұлы дала қырандары" (Сәдібек Түгел)

Аталмыш қоғамдық қозғалыс Шығыс Қазақстанның тумасы Сәдібек Түгелді президенттікке ұсынды. Үміткердің сайлауалды бағдарламасы ұлттық салт-дәстүр мен мәдени мұраны дамытуға мән берген. Сондықтан ол елдің мәдени жетістігі мен ұлттық мұраны дамытуды қалайтындардың дауысына үміт артпақ. Әсіресе, қолөнер шеберлерінің таңдауы маңызды. Мәселен, Қоянды ауылының тұрғыны Ержан Кәрімхан ағаштан музыка аспаптары мен ыдыстарды ойып жасайды, мүсін кесіп, жиһаз құрастырады. Қолөнермен айналысып жүргеніне 15 жылдай уақыт болған. Көліктің ескі гаражын жөндеп, шеберхана жасап, тапсырыс қабылдауда. Ал қолөнер шеберінің ауылдастарына сабақ үйретуін ұйымдастыру үшін Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы көмектескен.

Үміткерді қолдаушылар Сәдібек мырзаның ұлттық құндылықтар мен халық өнерін сақтап қалуға мол еңбек сіңіргенін айтып, бір ауыздан дауыс береміз деп отыр. Сайлауға қатысушы адамгершілікке негізделген құқық қорғау органдарын құрып, түнгі клубтарды жабуды, кітап шығаруды ұсынуда. Сәдібек Түгелдің сайлау штабы Өскемен қаласындағы Пушкин кітапханасында үлкен жиын өткізіп, ұлттық өнерді дамытудың жолдары жайында баяндады.

Сондай-ақ президенттік жарысқа түскен жерлесіміз мемлекеттік тіл мен ұлттық спорт түрлерінің дамығанын қалайды. Сондықтан штаб өкілдері, ең алдымен, сайлауалды бағдарламасын жастарға таныстырғанды жөн көреді. Өйткені оларды тәрбиелеу мен бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызы ерекше. Ал кандидаттың өзі түнгі клубтарға барып, ішімдіктің орнына қымызды ішуге, қыздарға қысқа киімнің орнына ұлттық нақышпен тігілген киімдерді киюге үгіттеп жүр.

Сәдібек Түгелдің Шығыс Қазақстандағы сенімді өкілдерінің айтуынша, агитациялық кампания дұрыс бағытта жұмыс жасауда әрі сайлаушылар тарапынан мол қолдауға ие, басқа сайлаушылардың дауысына таласуға ниетті емес.

Следующая →