ҚР Білім министрлігі ата-аналарға бітіру кештеріне шығынданбауды ескертті
ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова мектеп бітіру кештері жарысқа айналып кеткенін мәлімдеді
Оның айтуынша, бұл сұрақ жыл сайын талқыланып келеді, деп жазды Tengrinews.kz сайты.
- Бітіру кештері мектеп қабырғасында өтсе, дұрыс. Сол кезде ғана ұстаз бен түлек әңгімелесе алады. Өкінішке орай, соңғы уақытта мектептер бітіру кештерін жарысқа айналдырып алған, - дейді министр.
Жаңа министрдің ойынша, бітіру кештерін қатаң түрде мектеп қабырғасында өткізу керек.
- Біздің ата-аналарымыз бен өзіміз әдетте өткізіп жүрген форматта болғаны жөн. Яғни, шын мәнінде мектеппен қоштасу кеші болуы керек. Артық шығын, қымбат көйлектердің қажеті жоқ, - деді Күләш Шамшидинова.