Атырау тұрғыны "о дүниеден" қайтып оралды
Жаназасы шығарылған атыраулық 4 айдан кейін үйіне қайтып оралды
Ал бұл уақытқа дейін оның туыстары басқа мүрдені жерлеп, барлық кәдесін өткізіп, бейіт басына қоятын құлпытасқа дейін жасатып қойған, деп хабарлайды 24.kz.
Қала маңындағы Томарлы ауылының тұрғыны Айғали Сұпығалиев 20 маусымда үйден шығып, мүлде хабарсыз кетеді. Оның анда-санда үйден кетіп қалатынын ескеріп, туыстары тек 9 шілдеде ғана іздеу салып, арыз береді. Ал санаулы уақыттан соң полицейлер мәйітханада белгісіз бір мүрде жатқанын айтып, туыстарын айғақтау үшін шақырады. Жаздың күні ыстықтан бұзылған мәйітті тану мүмкін болмағандықтан, ДНК сараптамасы тағайындалып, мүрде Айғали Сұпығалиевке тиесілі екенін 99,92%-ға растап береді.
Атырау облысы бойынша сот сараптамалары институты шығарған қорытындыға қалтқысыз сенген отбасы мүшелері әлгі мәйітті алып, арулап көмеді. Алайда 28 қазан күні Айғали аман-есен үйіне оралған.
- Қазіргі таңда халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің ақпараттық деректер базасы бойынша ол кісіге «қайтыс болды» деген белгі тұр. «Қайтыс болды» деген белгіні алып тастау үшін қайтқаны жөніндегі анықтаманы берген мекемеге бару керек. Содан кейін халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің ақпараттық деректер базасындағы белгі алынған жағдайда ол жеке куәлікке құжат тапсыра алады, - дейді Атырау қалалық ІІБ, Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Айнагүл Бисенғалиева.