Қазақстандық жүргізушілерге көлік сақтандыру құжатынсыз жүруге рұқсат етілді
Көлік жүргізушілерінің құжаттарына тағы да жеңілдіктер енгізілді
Енді келесі жылдан бастап жүргізушілер көлік құралдарын сақтандыру туралы құжаттарды өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Ол үшін полицейлер айыппұл да салмайды.
Нақтырақ айтатын болсақ, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап сақтандыру полисін электронды түрде жасауға мүмкіндік болады. Ал жүргізушінің сақтандыру құжатын жасаған не жасамағанын полицейлер бірыңғай базадан-ақ анықтай алады. Сол себепті жүргізушілер де сақтандыру полисін өзімен бірге алып жүруге міндетті болмайды. Ал бұған дейін сақтандыру полисін өзімен бірге алып жүрмеген жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде (12 мың теңге) айыппұл салынатын.
Одан бөлек, Қазақстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, сақтандыру құжаттарын қағаз күйінде емес, электронды түрде жасау әлдеқайда арзанға шығады, соның себебінен сақтандыру құжаттарының бағасы да арзандайды. Оның үстіне, сақтандыру құжаттарын жасаумен айналысатын компаниялар үшін тиімді: өйткені сақтандыруға төленетін қаржылар уақтылы түсіп отырады.