Лотерея терминалдарын қойған дүкен иелеріне айыппұл салынады
Бұдан былай дүкен иелері ойын автоматтарын қойғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Енді құмар ойын ойнауға мүмкіндік бергендер 5 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін. Тіпті мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Алматыда жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесін дөңгелеткен үш қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ, жалпы көлемі 400 ойын қондырылған компьютерлер мен 40 автоматтың көзі жойылды.
- Ұсталған 3 қылмыстық топ ойын бизнесінде кәсіп ашқан. 24 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 307-ші бабы бойынша іс қозғалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 4 заңсыз жұмыс істеген казино анықталды. Электронды ойын терминалдарын 70 нүктеге қою бойынша 6 дерек анықталды. Олар әсіресе адамдар көп жиналатын дүкен мен сауда кешендерінде қойылған. Айта кету керек, 31 заңсыз ойын орталықтарының жұмысы тоқтатылды, – деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық зерттеу қызметінің бас тергеушісі Гүлмира Махтаева.