Қазақстан Ресейден келетін еттерді қатаң тексермек
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің хабарлауынша, көрші елден келетін төрт өндірушінің өнімдері зертханалық тексерістен өтеді
Комитет ағымдағы жылдың 7 айында өнімнің қауіпсіздігіне жүргізген мониторингінің нәтижелері бойынша мына: «Омский бекон» АҚ, «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ, «Царицыно» ААҚ және «Курников» АӨК ЖШҚ өндірушілеріне қатысты ет өнімін күшейтілген зертханалық бақылау енгізді.
- Аталған өндірушілер өнім өндіру және таңбалау бойынша техникалық регламенттер талаптарын жүйелі түрде бұзады. Осы уақыт ішінде еліміздің бірқатар өңірлерінің сауда орындарында сәйкес келмейтін өнімдер бірнеше рет анықталды, - дейді Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті.
Мысалы, «Омский бекон» АҚ-ы «Популярная», «Бутербродная», «Южная», «Сельская», «Заречная», «Походная» шұжық өнімдерінде натрий нитриттерінің массалық үлесін 2-3 есеге, левомицетинді 1-2 есеге арттыруға, сондай-ақ микробиологиялық көрсетікштер бойынша бұзушылыққа жол берілген.
«Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ өндірісінің «Южные» және «Сытные» сосискаларында натрий нитриттерінің үлес салмағы артқаны анықталған, патогенді микрофлора және ішек таяқшалары тобының бактериясы анықталған.
«Царицыно» ААҚ-ның шұжық өнімдерінде («Утренние» сосискалары) стафилококк анықталған. «Русская» шұжығында натрий нитриттерінің массалық үлесінің артуы, «Утренние» және «Бистро» сосискаларында патогендік жұқтыру анықталған.
«Курников» АӨК ЖШҚ-ы өндірісінің «Натуральный», «Крестьянский», «Хуторской» тартылған еттері және «Премиум» жартылай фабрикаты тамақ өнімдері қауіпсіздігінің микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкес келмейді.
Әрбір факті бойынша өнімнің сәйкес келмейтін партиясын алып тастау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді.
Бүгінгі күні еліміздің уәкілетті органынан және өндірушілердің өздерінен олардың тиісті іс-шараларды жүргізетіні туралы хабарламалар алынды.