Бас мүфти қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды мұсылмандар үшін ұлық мерекелердің бірі болып саналатын Құрбан айтпен құттықтады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты хабарлағандай, бас мүфти елді келе жатқан Құрбан айтпен құттықтап, ізгі тілегін білдірген.
- Баршаңызды исі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Айт мейрамы құтты-берекелі болғай! Әр отбасына амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт – күллі мұсылман үмбетінің екі ұлық мерекесінің бірі. Біздің халқымыз бұл мейрамды сан ғасырдан бері ерекше қадірлеп, айрықша атап өткен. Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне "құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын" айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған, - делінген хабарламада.
Құрбан айт – кешірім мен мейірімнің, қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Айттың құрметіне ізгілік пен кеңшіліктің жолын ұстанып, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасап, қамкөңіл жандарға сыйлық берудің сауабы мол. Осы ретте бас мүфти барша отандастарын ел игілігі үшін жасалатын қайырымдылық акциялары мен сауапты іс-шараларға атсалысуға шақырды.
- Алла Тағала шалған құрбандықтарыңыз бен игі амалдарыңызды қабыл еткей. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін сұрап, дұға жасап жатқан отандастарымыздың тілегі мен қажылығы қабыл болғай! Әмин! Құрбан айт құтты болсын! - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Елбасының бастамасымен Құрбан айттың бірінші күні ресми түрде мереке деп бекітіліп, халықты бірлік пен ынтымақтастыққа шақыратын мейрам ретінде атап өтілуде.