Головкин жоғары мемлекеттік сыйлыққа ие болды
Мемлекет басшысы WBC, WBA (Super), IBO тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездесті
Елбасы кездесу барысында бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинге ілтипат білдіріп, қазақстандықтар оның кәсіби спорттағы жарқын жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты.
– Отандастарымыз сенің жекпе-жектеріңді жіті бақылап отырады. Сен Қазақстанды лайықты түрде танытып, өз отаныңды ешқашан ұмытпай, жүрген жерде айтып жүресің. Біз сені мақтан тұтамыз. Қыркүйек айында сені өте маңызды жекпе-жек күтіп тұр. Барша қазақстандықтардың атынан саған жеңіс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкиннің Қазақстан спортын танытудағы және еліміздің халықаралық имиджін арттырудағы зор рөлін атап өтті.
– Сен өз салмағыңда ешкімге дес бермедің, бірде-бір жеңілісі жоқ саған ең үздік нокаутер боксшы деген атақ берілді. Бұл – зор жетістік әрі біздің спортымыз бен бүкіл Қазақстанды насихаттаудың жарқын мысалы. Біз сенің ерік-жігеріңді жоғары бағалаймыз. Егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік болса, біз оған жағдай жасап, қол ұшын береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Г.Головкин жеке қолдау көрсеткені үшін және Қазақстанның спортын, соның ішінде бокс мектебін дамытуға зор көңіл бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.