14 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмады
Биыл 14 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмады.
Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Оның айтуынша, биыл ҰБТ 167 бекетте өткен. Оның ішінде 3 бекет коллеждің базасында, 116 бекет мектептің базасында және 48 жоғары оқу орнының базасында орналасқан.
- Биыл ҰБТ-ға жалпы 102 мың 447 түлектен өтініш түсті. Яғни 102 447 түлектің 98 698-і немесе 96%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде ҰБТ-ны 77 мың 224 түлек яғни оқушылардың 75%-і қазақ тілінде, 25 177 түлек, яғни шәкірттердің 25%-і орыс тілінде тапсырды. Нәтижесінде тестілеуден шекті балды алған түлектердің саны – 84 065 немесе 85%. Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны – 14 633 немесе 14%. Сондай-ақ, 9 түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл – 83. Былтыр ол 80,5% болған, - деді ол.
Сөз соңында ол ҰБТ-ны тапсыра алмаған түлектер тестіні екінші рет қашан тапсыра алатынын хабарлады.
- Олар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш бере алады. Емтиханды тапсыра алмағандар 15 тамыз бен 19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсырады. Егер одан өтпей қалса, онда қыста қайтадан өтініш беріп тапсыра алады, - деп түйіндеді сөзін Рамазан Әлімқұлов.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-дағы шекті балл 50-ді құраған болатын.