Астананың жаяу жүргіншілер жолына жалаушалар салынған кәрзіңкелер қойылады
Жарқын түсті жалаушалар жаяу жүргіншілердің жолдан өтіп бара жатқанына белгі болмақ
2018 жылдың 3 мамырынан бастап жалаушалар орнату жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жолдан өтпек болған азамат кәрзіңкеде тұрған жалаушалардың бірін қолына алып, жолдан өтіп, кейін арғы жақта тұрған кәрзіңкеге салып кетеді. Жобаның басты мақсаты – жүргізушілердің жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан адамды көруіне әсер ету.
- Астанада соңғы уақыттары жаяу жүргіншілерді қағу жиілеп кетті. Үш жылдың ішінде жаяу жүргіншілер жолында 455 жол көлік оқиғасы орын алды. 18 жасқа дейінгі 207 бала зардап шеккен, - дейді Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.