Қазақстанда телевизия мамандары марапатталды
II Ұлттық телевизиялық «Тұмар» бәйгесінің жеңімпаздары анықталды
«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің салтанатты марапаттау рәсімі 2018 жылдың 16 наурызында Қазмедиа орталығында өтті, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі mic.gov.kz сайты.
Биылғы жылғы салтанатты іс-шара Қазақ телевизиясының 60-жылдығына арналады. Тілшілер, телевизия қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен эстрада жұлдыздарына қоса салтанатты кешке қазақ телевизиясының ардагерлері де шақырылды. Оларға ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Қазақ телевизиясына 60 жыл» мерейтойлық төсбелгілерін табыстады.
- Елбасы Қазақстан Республикасының дамуындағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызына әрдайым мән береді және медиа саласының дамуына назар аударып отырады. Замауни инфрақұрылым мен сала даумына бөлініп отырған қыруар дотация соның дәлелі, - деді Дәурен Абаев.
2018 жылы «Тұмарға» 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес ресімделген 355 конкурстық өтінімді қарауға қабылдады.
Өңірлік тұрғыда Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарының телеарналары көбірек белсенділік танытқан.
Естеріңізге сала кетсек, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммункиациялар министрлігі тарапынан ең сапалы және маңызды телевизиялық мазмұнды тауып, дәріптеу үшін, талантты профессионалдарды қолдау және отандық телевизияның сапалық стандарттарын арттырып, қазақстандық телевизияның дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.