Катонқарағайда қар барысы азайып кетті
Катонқарағай ұлттық саябағында зерттеу жүргізген Бүкіләлемдік жабайы табиғатты қорғау қорының экспедициясы тексеріс кезінде бірде-бір қар барысын анықтай алмағанын айтады.
Бұл жайында қордың Алтай-Саян бөлімі хабарлады.
- Өкінішке орай, қар барысы көрінбейді. Экспедиция кезінде сібір тау ешкісі, марал, аю, алтай ұларының көп екенін байқадық. Бұларды бейнебақылау камералары да түсіріп алған. Ал бейнетүсірілімдердің бірде-бірінен қар барысын жоқ, - дейді бөлім.
Шілде-қазан айлары аралығында саябақ аумағында 19 автоматтандырылған камера орнатылған екен. Камералар жабайы аңдар көп жүретін жерлерге қойылған. Алайда бұл камералардың бірде-біріне қар барысы іліне қоймаған.
Ал бөлімнің бас үйлестірушісі Александр Карнаухов 2015 жылғы зерттеу жұмыстары кезінде төрт-бес қар барысының ізі анықталғандығын айтады.
- Алайда биыл қар барысын таба алмадық. Бұған екі себеп бар. Аумақта, шынымен де, қар барысы құрып кетті не екіншісі камералар қар барысы мекендеген аймақтарға қойылмай қалды, - дейді үйлестіруші.
Қараша айының соңына қарай тағы бір зерттеу экспедициясы шығып, ауданды бір қарап шықпақ.
- Институт қызметкерлері фототұзақтары қырат аймақтарға орнатпақ. Ендігі жылы ақпан айында камералар тексерілмек, - дейді Александр Карнаухов.