Көмірдің жеңілдетілген бағасы - 7600 теңге
Өскемен қаласы әкімдігі мен «Қара жыра» АҚ әлеуметтік бағамен көмір тасымалдау туралы меморандумға қол қойды
«Қара жыра» кәсіпорны тоғыз жылдан бері Өскемен қаласының әлеуметтік қорғалмаған тобын жеңілдетілген бағалы көмірмен қамтамасыз етіп келеді. Биыл кәсіпорын барлығы 35-40 мың тонна көмір тасымалдайды.
Арзан бағалы отынды соғыс және еңбек ардагерлерінің жанұясы, көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер алады. Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы әлеуметтік көмірді үлестіретін болды. Қазірдің өзінде жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері көмірді алатын тұрғындардың тізімін дайындауда.
- Тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндетімізді орындап келе жатқанымызға тоғыз жыл болды. Адамдарды тамыз-қыркүйек айларында көмір алуға шақырамыз, айналым үлкен болғандықтан, вагондар жетпей қалуы мүмкін, - дейді «Қара жыра» АҚ директоры Марғұлан Мақышев.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымы қазіргі таңда тұтынушыларды қабылдауды бастап кетті. Жеңілдетілген бағалы көмір алуға күніне 4 адам тіркеліп тұрады. Айта кету керек, жеңілдетілген бағалы көмірдің бір тоннасы 7600 теңгеден, ал коммерциялық көмір 8050 теңгеден сатылады.
Айта кету керек, тоғыз жыл ішінде кәсіпорын облыс орталығына 254 мың тонна көмір тасымалдаған. Биыл «Қара жыра» өзінің 25 жылдық мерейтойында 100 миллион тонна көмір өндіруін атап өтеді.