Сот медицинасына көңіл бөлу қажет
Сот медицинасы қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтіп, сараптама жасауға арналған жеке ғимарат беру керек
Бұл жайында облыстық Әділет департаменті қызметкерлері мен Парламент мәжілісі депутаттарының кездесуінде айтылды.
Мәжіліс депутаттары Василий Олейник пен Снежанна Имашева жұмыс сапарымен Шығыс өңіріне келіп, жергілікті құқық қорғау органдарының мәселелерімен танысты.
- Биыл Қазақстан Парламенті бірнеше жаңа заңнамалық актілер қабылдады. Оның ішінде заң нормаларын ізгілендіру мақсатында кейбір экономикалық қылмыстар, қылмыстық заңбұзушылықтар әкімшілік жауапкершілікке алмастырылды. Прокуратура туралы жаңа заң қабылданды. Жерді пайдалану жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Облысқа келудегі басты мақсатымыз – заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу әрі облыс құқық қорғау органдарындағы проблемалармен танысу, - деді мәжіліс депутаты Василий Олейник.
Ашық кездесу барысында Әділет департаменті қызметкерлері маңызды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Әсіресе, облыстағы сот медицинасы саласының біршама мәселелері бар болып шықты. Біріншіден, сот медицинасы қызметкерлерінің жалақысы өте төмен. Мұны қызметкерлермен қатар, Әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев та айтып отыр.
- Сот медицинасында жұмыс жасап жүрген мамандарға үлкен алғыс білдіреміз. Қызметкерлеріміз саланың қиындығына қарамастан, аз еңбекақыға адал еңбек етіп жүр. Мамандардың көбі жалақы аз болғандықтан, жарты мөлшерлемеге жұмыс жасайды, - дейді Ерлан Дауылбаев.
Сонымен қатар, облыста сот саласында істейтін психологтар мен неврологтардың да жетіспейтігі белгілі болды. Депутаттар бұл мәселемен етене таныс екендігін, осы сұрақтың Парламент отырысында көтерілгендігін айтты.
- Алдағы уақытта шешімін табатын мәселелердің бірі болуға тиіс. Қазір көптеген қызметкерлердің еңбекақылары көтеріліп жатыр. Сондықтан жалақының өсетіндігі жайында үлкен үмітіміз бар, - деді Василий Олейник.
Екіншіден, сот медицинасы қызметкерлерінің жұмыс жасау ортасы талаптарға сай емес. Сондықтан бұл салада жүрген қызметкерлердің талаптарға сай зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін бөлек ғимарат керек.
- Мәйітханадағы зерттеулерді жүргізетін жеке ғимарат керек. Шетелден келетін әріптестеріміз жұмыс орнының талапқа сай емес екендігін жиі айтады, - дейді Ерлан Дауылбаев.
Әділет департаменті қызметкерлері жаңадан шыққан заңнамалардың барлығымен танысқандығын, өзгерістерден толықтай хабардар екендігін білдірді. Ал жоғарыдағы мәселелер ендігі кезекте мемлекеттік деңгейдегі отырыстарда қаралатын болады.
Авторы: Қымбат Слямбеков