Алимент төлемейтіндердің саны не үшін көбейіп барады?
Облысымызда алимент төлемеу мәселесі жыл сайын көтеріледі. Тұрғындардың арасында да шағымданушылар өте көп
Ал облыс прокуратурасы алимент төлеушілердің саны біршама өскендігін айтады, сондықтан аталмыш мәселемен күресудің бірқатар жолдарын ойлап тапқан.
Егер 2015 жылы 29 мың адам алимент төлемеген болса, 2016 жылы оның саны 31 мыңға жеткен. Облыс прокуратурасы ата-аналарды алимент бойынша берешектерді толық және уақытында төлеуін ынталандыру мақсатында өткен жылы бірқатар жобаларды ұйымдастырған. Нәтижесінде борышкерлердің саны 2017 жылы біршама азайған.
- Шын мәнінде, бізге алимент төлемегендігі жөнінде арыздар көп түседі. Облысымызда бұған қатысты 16 мың атқарушылық құжат тіркелген. Ал 17 мың балаға алимент төленуі тиіс. Азаматтардың көбі алимент төлеу рәсімі туралы білмейді. Тіпті, қандай сомада алимент төлейтіндігін де білмейді, - дейді ШҚО прокуратурасының міндетін атқарушы Нұрлан Бижанов. - Егер отбасында бір бала болса, алимент төлеуші жалақысының 3/1 бөлігін, екі бала болса жалақысының 4/1 бөлігін алиментке төлейді.
Облыс прокуратурасы алимент төлемеу мәселесінің не үшін ушығып тұрғандығын, оның себептері қайда жатқандығына тоқталып өтті.
- Біз арнайы талдау жүргізіп, бірнеше себептерді анықтадық. Біріншіден, облысымызда жылдан жылға ажырасушы некелердің саны көбеюде. Екіншіден, алимент бойынша жүргізілетін атқарушылық өндіріс ұзақ уақытқа созылады. Тіпті, кейбірі баланың 18 жасқа толуына дейінгі кезеңге созылып кетеді. Ал соңғы жылдары қосылған өндірістердің есебінен олардың жалпы саны жыл сайын өсе береді. Үшіншіден, көптеген борышкерлердің тұрақты жұмысы жоқ. Облыста 16 мың борышкердің 8 мыңы жұмыс істемейді. Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының лайықсыз жұмысы. Кейбір сот орындаушылар атқарушылық өндірісті тым созып жібереді, өз жұмысына үстірт қарайды. Сондықтан да прокуратураға сот орындаушыларының жұмысына көптеген шағымдар түседі, - дейді Нұрлан Бижанов.
Шағымдардың санын азайту мақсатында облыс прокуратурасы ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізген. Соған байланысты биыл «Алименттерді төлемеуіне қарсы 30 адым» бағдарламасы мен «Алимент төле!» жобасы қолға алынған.
- Алдымен, қоғамда борышкердің теріс кейпін қалыптастыру қажет. Мысалы, қалада «Алимент төле!» деген үндеу баннерлерін көрген шығарсыздар. Біз қоғамға үндеу тастау арқылы әрбір ата-ананың баласы үшін жауапты екендігін әрі бала алдындағы борышкер екендігін еске саламыз. Сол арқылы борышын өтеуге ынта береміз, - деп атап өтті Нұрлан Бижанов.
Ақпараттық жұмыстан өзге шектеу шаралары да қолданылуда. 3700 борышкердің шетелге шығуына, 200 борышкердің көлік құралын басқаруына тыйым салынған. Қасақана алимент төлемейтін 500 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 9 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мұндай кешенді шаралар өз нәтижесін де берген. Мысалы, өткен жылы аймақта алимент бойынша берешек 1,6 млрд.теңгеден 990 млн. теңгеге дейін азайған. Бұл сома, шамамен, 3700 балаға көмектескен.
- «Алимент төле!» акциясы шеңберінде аз қамтылған, алимент төленбейтін балалары бар отбасыларға кеңсе тауарлары, дәрі-дәрмек пен киім таратылды. Біз аумақта тұрып жатқан осындай 72 отбасыға және 36 балаға әлеуметтік көмек бердік, 14 баланы прокуратура өз қамқорлығына алды. Сондай-ақ, алимент төлемейтін жұмыссыз әкелерді жұмысқа орналастыруға ықпал етеміз. Жалғызбасты аналарға жәрдемақы алуға және балаларын бақшаға орналастыруға, көп балалы отбасыларды тұрғын үй алу кезегіне қоюға көмектемесіз, - дейді Нұрлан Бижанов.
Қымбат Слямбеков