Көшелерге патриоттық атаулар берілмек
ШҚО-да соңғы үш жылда 2 елді мекен, 33 нысан, 57 көшенің атауы өзгертілген. Ол туралы ШҚО Тілдерді дамыту басқармасы басшысы Айдын Жомартұлы айтты
2016 жылы облыста екі елді мекеннің атауы өзгерген, оның бірі - Күршім ауданындағы Теректі ауылдық округі Марқакөл ауылдық округі болып тіркелсе, екіншісі Бородулиха ауданының Ленин ауылдық округі Құнарлы ауылдық округі болып өзгертілген.
- Қазіргі таңда Бородулиха, Бесқарағай ауданы мен Өскемен қаласынан көше, елді мекен атауларын өзгертуге қатысты көптеген өтініштер түсіп жатыр. Олардың барлығы орындалады деп айта алмаймын. Алайда негізі мен дәлелі басым өтініштерді облыстық ономастика комиссиясы қарап, шешім шығаратын болады, - деді Айдын Жомартұлы.
Сонымен қатар, облыста бірнеше мектептің атауы ауысқан. Риддер қаласындағы №3 орта мектепке Д. Қонаевтың, Өскемен қаласындағы №33 орта мектепке Абайдың, №1 орта мектепке Шәкәрімнің, №3 мектеп-гимназияға Шоқанның, №16 орта мектепке Зәки Ахметовтың, Ұлан ауданындағы Благодарное орта мектебіне Ахмет Байтұрсынұлының, Үржар ауданындағы Крупская атындағы орта мектеп-балабақшасына Абылай ханның есімі берілген.
Басқарма басшысы Өскемен қаласындағы қазақ зиялыларына арналған көше атаулары тек жаңа аудандар мен жаңа көшелерде ғана пайда болатындығын айтады.
- Көше атауын жаңалауда тұрғындардың пікіріне құлақ асуға тура келеді. Қаладағы Тәуелсіздік даңғылы, Қабанбай батыр көшесі де халықтың дауыс беруімен өзгертілген атаулар болатын. Ендігі кезекте жаңа атаулар жаңадан ашылған көшелерге берілетін болады, - дейді Айдын Шаймарданов.
Елбасының 2017 жылы наурыз айында жариялаған арнайы Жарлығының негізінде көше мен елді мекен атауларына кісі есімін беру уақытша тоқтатылған көрінеді.
- Президенттің Жарлығы бойынша ендігі кезекте көше, нысан, мекеме атауларына кісі есімін беру уақытша тоқтатылды. Халыққа патриоттық тәрбие беретін «Мәңгілік ел», «Бірлік», «Достық», «Тәуелсіздік» сияқты маңызды атауларды ғана бере аламыз, - деді Айдын Жомартұлы.
Сымбат Исламбек