«Мерейлі отбасы» байқауына 18 жанұя қатысады
Облыс орталығындағы Достық үйіне жиналған әр ауданның үздік отбасылары облыстық әкімшіліктің сыйлықтарына ие болып, аймақтық байқауға жолдамалар алды
Биыл әр ауданнан жиналған 18 жанұя облыстық деңгейдегі байқауға жолдама алды, ал былтырғы жылы 16 жанұя байқауға қатысқан болатын. Яғни, бұл жылы қатысушылардың саны артқан.
- Отбасы - елдің тірегі, рухани тәрбиенің қасиетті шаңырағы. Жанұяның татулығы мен бірлігі арқасында елдің тұтастығы орнамақ. Отан отбасынан. Отбасындағы тәрбие ұрпақты отансүйгіштікке баулиды. Әрбір жанұяның шежіресі - елдің тарихы, - дейді ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының бірінші орынбасары Ирина Смит.
Бүгінгі таңда облысымызда «Алтын алқа» мен «Күміс алқа», «Батыр-Ана» атағы, «Ана даңқы» орденін алған 25 мың көпбалалы ана тұрып жатыр.
Ұзақ уақыт бапкерлікпен айналысқан, қазақ күресінен республика чемпионы атанған, Лондон олимпиадасына еліміздің еркін күрестен ұлттық құрамасын бастап барған Алтай Танабаевты тәрбиелеген, Жарма ауданының тумасы Тілеухан Ахметжановтың жанұясы да бұл байқауға қатысып отыр.
- Адам өміріндегі ең басты дүние - бұл оның жанұясы. Мұндай байқауларға қатысу арқылы отбасының да қуанышы мен татулығы арта түседі, қызығы көбейеді, - дейді Тілеухан Ахметжанов ағамыз.
Байқауға қатысқан отбасылардың ішінде саны жағынан ең көп Зайсан ауданынан келген Қамшыбаевтар отбасы екен. Зайсан ауданында қазақтың ақбас сиырын асылдандырумен айналысатын Ұяхан Қамшыбаев ағамыз бұл күнде 3 ұл бала мен 6 немере тәрбиелеп отыр.
Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан орын алғандар республикалық байқауға жолдама алады.
Ардақ Аманғалиева