314 жаңа медициналық құрал алынады
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен селекторлық режимде облыстық мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясы өтті
2017 жылғы облыстық бюджеттің параметрін нақтылауға Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік жіктеуіне, республикалық бюджеттен трансферлер көлеміне ҚР Үкіметімен 2017 жылдың 18 мамырына арналған №272 Қаулысымен енгізілген өзгерістер себеп болды.
- Индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасымен республикалық бюджеттен 1 млрд 330 миллион теңге бөлінді, - дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Алмасхан Сматлаев. - Бұл «Гаухар» станциясына төлемді теміржол бекетін салуға 201 миллион теңге, Аягөз ауданы Мамырсу ауылындағы соғым цехының құрылысына 455 миллион, ЖМК өңірін жылу желісіне қосатын №2 қазандыққа 488 миллион, су жүйесіне 94 миллион теңге жұмсалады. Облыстық бюджеттің кірісі 1 млрд 967 миллионға өскен.
Денсаулықсақтау саласындағы медициналық құралдармен жабдықтау жұмысына 4 миллиард теңге бөлінген.
- Облыстық онкологиялық диспансерге компьютерлік томограф алуға 375 миллион теңге бөлінеді. Сол сияқты эндобейне хирургиялық кешенге 160 миллион, гастроинтестионалды эндоскоп алуға 164 миллион бөлінді. Ал Семей өңірлік онкологиялық диспансерге ренген құрылғысы 250 миллионға, Өскемен қалалық №1 ауруханасына және Семей қалалық ЖМКА-ға екі онгеограф 790 миллион теңгеге алынады. Барлығы 314 медициналық құралы алынады, - дейді Алмасхан Сматлаев.
Сол сияқты білім саласына 1 млрд 635 миллион теңге бөлінген. Бұл соманың ауқымды көлемі облысымыздағы 48 мектепті жөндеуден өткізуге жұмсалса, 201 миллион теңгесі оқушылардың «ЭКСПО-2017» көрмесіне баруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Зырян, Тарбағатай аудандары мен Риддер қаласының жолын жөндеуге 281 миллион теңге қаражат бөлінді.
Айдос Мырзахметов