Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай өтеді?
Биылғы 2016-2017 жылғы оқу жылында мектеп бітірушілерді қорытынды аттестациялаудың жаңа үлгісі күтіп тұрғаны белгілі. Десек те, көңіліміз әлі де күпті
2017 жылдан бастап мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестатты алу үшін мектепте емтихан тапсырады, кейін ғана ЖОО түсу үшін ҰБТ тестілеуінен өтеді. Мектепте емтихан тапсыру барлық оқушыларға міндетті. Ал ЖОО түсу үшін тапсыратын тестілеуге қатысу әркімнің өз таңдауы.
- Биылғы жылы облысымызда 8989 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде болжам бойынша 6112-сі жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсыруға келісімін берген, - дейді ШҚО Білім басқармасының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмаділова.
Демек, қалған 3000-ға жуық мектеп оқушысы жоғары оқу орнына түсуге ниеттеніп отырған жоқ, яғни, облысымыздағы бүкіл түлектердің 3/1 жоғары білім алуға әлі дайын емес немесе алғысы келмейді. Бұлардың арасында шетелге оқуға тапсырғысы келетіндер де бар, олардың үлесі барлық түлектердің шамамен 26%-ын құрайды. Шетелде оқығысы келетін мектеп оқушылары арасында Ресейдің Новосибирск, Барнауыл, Томск және Омск қалаларында білім алуға ниеттілері көп.
Биыл облысымызда 536 түлек «Алтын белгіге» үміткерлікке ұсынылып отыр. Өскемен қаласынан 94 түлек, Аягөз ауданынан 92 түлек, Тарбағатай ауданынан 50 түлек, Семей қаласынан 49 түлек ұсынылған. Одан өзге Бородулиха ауданынан 7 үміткер, Шемонаиха ауданынан 8 үміткер, Ұлан ауданынан 9 үміткер «Алтын белгіні» ақтауға бел буып отыр.
Оқушылардың көпшілігі бесінші пән ретінде биологияны (35,9%), физиканы (26,5%), географияны (16,2%) таңдап отыр. Бұдан мектеп түлектерінің медициналық және техникалық мамандықтарды таңдауға көп көңіл бөліп отырғандығын байқаймыз.
Мектептегі емтихан жұмысы 29 мамыр мен 9 маусым күндері аралығында, ал ЖОО-ға түсу үшін тестілеу жұмысы 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Ал мектепке емтихан материалдары 23 мамырға дейін жеткізіледі. ЖОО-ға түсу үшін тапсыратын тест қорытындысы шыққаннан кейін мектеп бітірушілер бұрынғыдай 4 мамандыққа өтініш жаза алады.
2017 жылдың 1 мамырына дейін облыстың мектеп бітірушілері 10-нан артық сынама тестілеуден өткен. Оқу жылы ағымында облыстың білім беру ұйымдарында мектеп бітірушілердің, педагогтардың, ата-аналардың қатысуымен кездесулер, сондай-ақ, мектеп бітірушілермен тренингтер, сынып сағаттары өткізілген.
ЖОО орнына түскісі келмейтін түлектерге техникалық білім беретін колледждер мен техникалық училищелерге оқуға түсуге болады. Аймақтық білім басқармасы биыл облысымыздың колледждеріне 1730 білім беру грантының бөлінгендігін айтады.
- Облыста «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы бойынша жұмысшы мамандықтарын даярлауға облыстық бюджетке қосымша республикалық бюджеттен 1730 мемлекеттік білім беру тапсырысы қарастылған. Облыстағы мемлекеттік және жекеменшік колледждерге өңірге қажетті мамандықтар бойынша 1730 орын бөлінді, - дейді Сайрангүл Жұмаділова.
Түлектер мектеп аттестатын алғаннан соң, жұмысшы мамандығын алу үшін мемлекеттік білім беру грантына ешқандай емтихансыз өткізіледі, ал орта буын біліктілігін алу үшін колледждерде арнайы емтихан тапсырады.
Айта кетейік, облысымызда 79 колледж бар, оның 21-і Өскемен қаласында болса, 19-ы Семей қаласында орналасқан.
Слямбеков Қымбат