«EXPO-2017» көрмесіне 6400 тонна өнім жіберіледі
ШҚО халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне 6400 ауылшаруашылық өнімдерін жеткізеді. Көрме барысында әрбір өңір ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізетін болады
Бұл туралы облыс басшысының орынбасары Дүйсенғазы Мусин кәсіпкерлермен өткен жиналыс барысында хабарлады.
- Ауылшаруашылық министрлігімен «ЭКСПО-2017» көрмесі аясындағы азық-түлік өнімдерінің лимиті анықталған. Біздің облыстың лимитіне 6400 тонна белгіленді, - дейді ШҚО Ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұрысбеков. - 5300 тоннасы біздің ірі кәсіпорындармен бекітілген арналар арқылы жеткізіледі. Яғни, Өскемен қаласындағы «Вертекс-Восток» ЖШС мамыр-қыркүйек айлары аралығында 47 тонна қарақұмық, «Айтас МП» ЖШС 6 тонна шұжық өнімдерін, сол сияқты «Ұлан ет-консерв зауыты» ЖШС, «Эмиль», «Востоксельхозпродукт», «Семей ет комбинаты», мен «Май» АҚ өз өнімдерін Астана қаласында сауда айналымына қосады.
Айта кету керек жәрмеңкелер де әр облысқа әрқалай белгіленген. Басқарма өкілінің айтуынша кейбір аудандар 6-7 жәрмеңкеден өткізеді. Астана қаласында Шығыс өңірі бірнеше жәрмеңке өткізген болатын. Кәсіпкерлер тоңазытқыш пен шатырларды осыған дейін жалға алып келсе, Астана әкімдігі көрме аясында бұл қызметтерді тегін ұсыну жағын қарастыруда.
- Жоспар бойынша Шығыс Қазақстан облысы өткізетін жәрмеңкелер 1-2 шілдеде, 12-13 тамызда және 9-10 қыркүйек күндері болады, - дейді Дүйсенғазы Мусин. - Сондықтан есептік жүйені қалыптастыру керек. Барлығының уақытында, нақты орындалуы өте маңызды.
Айта кету керек, алғашқы жәрмеңкеге Өскемен және Семей қалалары, Абай, Аягөз, Жарма, Тарбағатай, Бородулиха аудандары қатысады. Тамыз айында Ұлан, Үржар, Зырян аудандары мен Риддер қаласы Елордаға аттанса, қыркүйек айында Катонқарағай, Шемонаиха, Глубокое, Зайсан, Көкпекті, Күршім аудандары 500 тонна өнім апаратын болады.
Айдос Мырзахметов