Астана тұрғыны үйіне Назарбаевтың суреттерін іліп тастады
Осылайша Астана тұрғыны Несіпгүл Ұябаева қиратылатын үйін құтқармақ болып әлек
Ұябаеваның үйі бұрынғы «Майский» баубақша серіктестігінде орналасқан. Оның айтуынша, президенттің 91 портреті «мемлекеттік қажеттілікке» орай қиратпақ болған құрылысшыларды тоқтатады.
Бұл суреттерді неге ілдім, себебі шенеуніктер құдайдан қорықпайды, онда біздің президенттен қорықсын. Біздің президент халық жақсы өмір сүрсін, болашағымыз әдемі болсын, жоғары деңгейде болсын деген саясатты ұстанады емес пе, ал бұл жерде олар жерімізді тартып алып далаға ысырып тастамақ, - дейді Несіпгүл Ұябаева.
Қазір үйде 7 адам тұрады, олардың екеуі кәмелет жасқа толмағандар. Үй иесі шенеуніктердің ең алдымен 400 доллар көлемінде өтемақы ұсынғанын, кейін 4,7 миллионға өсіргенін айтады. Алайда бұл соманың өзі жаңа үй алуға жеткіліксіз.
21 сәуір күні Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне дайындық бойынша жиналыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық астананың қақ ортасындағы қала көркін бұзып тұрған ескі жер үйлерге наразылық білдірген болатын.