Білім басқармасы мүгедек балаларды алдады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың көңілі «Ақ - ниет» мектебінің бүгінгі жұмысына толмай отыр
Былтырғы жылы Өскемен қаласында 100 орынды қамтитын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» интернат-пансионаты ашылған болатын.
- Жалпы, мүмкіндігі шектеулі 14 902 балалар тіркелген. Олардың 3 795-і мектепке дейінгі балалар, 11 107 бала мектеп оқушылары, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. - Инклюзивті білім алуға 128 мектепте жағдай жасалған. Қазір 1 746 бала осы жүйе бойынша білім алуда. 815 балаға арналған арнайы сыныптар ашылған. 802 бала жалпы білім беру үрдісіне біріктірілген. Ал Өскемен қаласында ерекше білімді қажет ететін 100 орындық мектеп-интернаты ашылған болатын. Бұл білім ордасы Білім басқармасымен қаржыландырылып, бақыланады.
«Ақ - ниет» пансионаты ең алдымен ерекше қажеттілікті талап ететін балаларды қоғамда әлеуметтендіру үшін, олардың сапалы жалпы орта және кәсіби білім алуына жағдай жасау, оларға психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдау көрсету үшін ашылған. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мектептің қазіргі жағдайымен осы күнге дейін таныс болғанын айта келе, білім басқармасына сын айтты.
- Физикалық мәселелері бар балаларға арналған мектеп ашылды. Мектепте тек білім игеріп қоймай, оқушылар бір кәсіп иесі болып шығуы керек болатын. Білім басқармасы бізге жалған ақпарат берді. Жалпы айтатын болсақ, білім саласы бізді «алдап кетті», - дейді Даниал Ахметов. - Ешқандай үрдіс ұйымдастырылмаған. Қазір бұл мектепте қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын өз басым тексеріп қайттым. Тіпті, мектептің жобасын өз көзіммен көрдім. Ол жерде жалпы кәсіптік білім беру керек болатын. Бірақ, ШҚО Білім басқармасы бұл тұрғыда ешқандай жұмыс атқармады. Қарапайым пансионат ретінде ұйымдастырды да қойды.
Облыс әкімі, Білім басқармасының бұл әрекеті биліктен бұрын мамандық аламыз деген ондаған бала мен олардың ата-аналарының үмітін ақтамағандығын айтып өтті.