ҚР Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттік туралы айтты
Ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің Қарулы күштерінде 86 қылмыс тіркелді
Бұл туралы бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Қарулы күштері Бас әскери полициясы басқармасының басшысы, полковник Тілеухан Басқожаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
«Ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, ағымдағы жылдың басынан бері Қарулы күштерде 86 қылмыс тіркелді. Оның ішінде мерзімді қызметке шақырылған қатардағы 2 жауынгер әлімжеттікке ұшыраған. Ал 2016 жылы 268 қылмыс болып, оның ішінде 11 жауынгер әлімжеттікке ұшырағаны белгілі болып отыр», - деді Тілеухан Басқожаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сондай-ақ брифинг барысында ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының орынбасары, Жинақтау басқармасының басшысы, полковник Амантай Үсербаев елімізде мерзімді әскерге шақыру алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін айтты.
«Біріншіден, қазірдің өзінде біздің қарулы күштеріміздің 70 пайызы келісімшарт бойынша қызмет атқарады деп айтуға болады. Екіншіден, техникалық бөлімдер және әуе, теңіз күштеріндегі қызметшілердің 99 пайызға жуығы келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Елбасының тапсырмасына сәйкес және жұмылдыру запасын толықтырып отыру үшін бізге мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысын жалғастыру қажет», - деді Үсербаев.
Оның атап өтуінше, ағымдағы көктемде әскери қызметке 16 мыңға жуық жас сарбаз шақырылып отыр. Ол еліміздің қарулы күштеріндегі мерзімді әскери қызметшілердің жалпы санының 25-30 пайызын құрайды.
«Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери бөлімдерде көп дайындықты қажет етпейтін лауазымдарға қойылады. Ал жоғары білім мен ұзақ уақыт дайындықты қажет ететін лауазымдарға келісімшарттағы әскери қызметшілер тағайындалады», - деді ол.
Следующая →