Республикалық жолдар жөнделеді
2017 жылы шамамен 175 шақырым республикалық жолдарға орта жөндеу жүргізіледі
Тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде облыс әкімі Даниал Ахметов 2017 жылға арналған жол инфрақұрылымын дамыту жоспарына да тоқталды.
Биыл да бірінші кезекте өңірдегі облыстық және республикалық жолдарды жөндеуге басымдық берілмек. Былтырғыдай, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары алдымен орта жөндеуге бағытталады. Жалпы алғанда, бүгінде облысымыздағы жолдардың 76,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. 2016 жылы жалпы ұзақтығы 389 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына асфальт төселген, оның 221 шақырымы – облыстық маңыздағы жолдар. Әсіресе, жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдардың қалпына келтірілуі тұрғындар үшін жақсы жаңалық болғаны рас. Оның ішінде Алакөл көліне апаратын, сондай-ақ, Өскемен қаласынан «Нұртау» шаңғы базасына дейінгі жолдар, сонымен қатар, Күршім-Қалжыр, Өскемен-Тарғын-Самар, Бородулиха-Шемонайха бағыттарындағы трассалар жөндеуден өтті. Бұған қоса, Аягөз қаласы мен Ақсуат ауылы аралығындағы 78 шақырымды құрайтын жол учаскесінде және Сібе көлдеріне апаратын тас жолда орта жөндеу жүргізілді.
2017 жылы 175 шақырымға жуық республикалық жолдар орта жөндеумен қамтылмақ. Аймақ басшысы бұл мақсатқа 3,5 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ, 190 шақырымды құрайтын облыстық жолдарды қалпына келтіруге 3,8 миллиард теңге жұмсалмақ.
Облыста «Омбы-Майқапшағай» автомобиль жолының Орталық-Шығыс дәлізін реконструкциялау жұмыстары да жалғасуда. Биыл аталмыш трассаның 166 шақырымды құрайтын бес учаскесіндегі жолдарды жөндеуге 15,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Эксим Банкінің қаржысы есебінен Алматы-Өскемен бағытындағы 102 шақырымдық жол учаскесін қалпына келтіру жоспарлануда.