Шымкентте құлаған үйден зардап шеккен жанұялар жергілікті бюджеттен 100 АЕК алады
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев дүйсенбі күні газдың жарылуынан құлаған Шымкенттегі үйді көріп, зардап шеккендерге көмек ұйымдастыруды қолға алды
Нәтижесінде зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 100 айлық көрсеткіш (226 900 теңге) көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.
Мұнымен қоса әлеуметтік қорғау шаралары мен уақытша тұрғылықты үй беріледі. Сонымен қатар қайтыс болғандардың жанұяларына материалдық қолдау көрсетіліп, демеушілік көмек беріледі.
Хабарланғандай, жексенбі күні түнде Шымкент қаласындағы екі қабатты үй құлап кеткен. Құлаған үйдің ауқымы 64 шаршы метрді қамтыған. Үйіндінің астында бес адам, соның ішінде бір жасар бала қалған. Құтқарушылар төрт адамды тірідей алып шыққан. Баланың анасы оқиға орнында көз жұмған. ТЖД ақпараты бойынша, зардап шеккен жанұя үйді уақытша мекендеген.