Мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға рұқсат етілді
Мемлекеттік қызметкерлер енді жұмыс уақытында смартфон қолдана алады, алайда белгілі бір шектеулер бар
Осыдан екі жыл бұрын наурыз айынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс орнында смартфон, планшет, смарт-сағат қолдануға тыйым салынған еді. Бұған мемлекеттік қызметкерлердің смартфондарды жеке мақсатта қолдануы мен WhatsApp желісі арқылы қызметтік құжаттарды таратуы себеп болған.
Дегенмен үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға үкімет тарапынан рұқсат етілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Tengrinews.kz" сайты. Мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға рұқсат берілгенімен, қазіргі уақытта оны жұмыс орнында шектеп қолданудың пилотты жобасы сынақтан өткізіліп жатыр.
Яғни, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде қойылған турникеттерге арнайы бұғаттаушы бағдарлама орнатылады. Бұл бағдарлама смартфондардың суретке, бейнекамераға түсіру сынды функцияларын құлыптап тастайды. Жұмыс орнына кірмес бұрын мемлекеттік қызметкерлер смартфондарын турникетке тигізіп, арнайы бағдарламаның ұялы телефонның кей қызметтерін бұғаттап тастауына мүмкіндік береді. Кейін жұмыстан шығар кезде қалта телефонды турникетке қайта тигізу керек, сонда бұғат шешіледі.
- Смартфонда интернет-банкинг, таксиге тапсырыс беру, поштамен құжат жіберу сынды пайдалы бағдарламалар бар. Бұдан басқа да қызметкерлердің жұмысына қажет қауіпсіз мобильді бағдарламалар жетерлік, - дейді ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Динара Щеглова.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекеттік мекемелердің барынша ашықтық саясат ұстанғанын қалайтынын жеткізді.
- Департаменттің жеке ұстанымы бойынша, мемлекеттік мекемелердің де, мемлекеттік қызметкерлердің де барынша ашық болғанын қалайды. Сондықтан мемлекеттік мекемеге жүгінуге келген азаматтардың смартфон қолдануына рұқсат етілуі керек деген ойдамыз. Ал департамент қызметкерлері жұмыс орнында смартфондарды қолданбайды, бұған әлі құзірет жоқ, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Алмагүл Асылғазина.
Қазіргі уақытта үкімет қаулысына өзгерістер енгізіліп жатыр, мемлекеттік мекемелердің ережелері де қайта жөнделуде. Аталған жұмыстар біткеннен кейін, мемлекеттік қызметкерлердің смартфон қолданылуына рұқсат етіледі.