Қазақстан КХДР-ды денуклеаризациялау бойынша көмегін ұсынды
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі отырысында "Жаппай қырып жою қаруын таратпау: КХДР" тақырыбы қаралды
Жиын АҚШ Мемлекеттік хатшысысы Майкл Помпеоның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ ресми сайты.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың сөйлеген сөзінде ядролық қарусыздану кезеңділікті, шыдамдылықты, келісімді және барлық мүдделі тараптардың адал ниетін талап етеді және Қазақстан оны өз тәжірибесінен біледі деп атап өтілді. Сонымен қатар, ядролық қарусыз жолды таңдаудың арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың сенімді серіктесіне айналды, инвестицияларды тартып, экономикалық дамуды қамтамасыз етті. Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ солтүстік жарты шардағы алғашқы және жалғыз аймақ болып табылады. Осындай аймақты Солтүстік Шығыс Азияда құруға ұмтылу қажет. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Азия континентіндегі ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап, Қазақстан КХДР мен Жапонияның болашақта Кеңеске толық құқылы мүше ретінде кіруін маңызды деп санайды.
Биылғы жылдың қаңтарында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сенім шаралары арқылы Жаппай қырып жою қаруын таратпау проблемаларын шешу бойынша өз тәжірибесімен және идеяларымен бөлісті. Корей түбегіндегі соңғы оқиғалар осы тәсілдің өзектілігі мен сенімділігін көрсетеді. Қазақстан инклюзивті диалогты қайта орнатудағы екі корей мемлекеттерінің мақсатты ұмтылысын, сондай-ақ АҚШ пен Корея Республикасының бірлескен өңірлік әскери жаттығуларды тоқтату туралы шешімін қолдады. Осының барлығы Сингапурда өткен тарихи саммитті мүмкін қылған бейбіт, саяси-дипломатиялық шараларға және корейаралық келіссөздердің жалғасуына серпін берді деп мәлімдемеде делінген.
- Пхеньян мен Сеул арасында жалғасып келе жатқан достық негізіндегі саяси диалог және өзара тиімді жобалар өңірдегі шиеленісті ұзақ мерзімге бәсеңдетудің ең тиімді тәсілі болуы мүмкін. Бұл толық, тексеруге жататын және қайтарымсыз денукрлеаризация үшін өзара қолайлы шешімдерге жол береді, - деп атап өтті Министр.
Қазақстан КХДР өзіне жүктеген барлық міндеттерді толық орындайтынына және Ядролық қаруды тараптау туралы шартқа (ЯҚТШ) қайта оралатынына жауап ретінде ядролық державалар тарапынан қауіпсіздіктің сенімді шараларын ұсына отырып, Солтүстік Кореяны дәйекті денуклеаризациялау бойынша жол картасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынуда. Осы іс-әрекет бағдарламасын іске асыру міндетін орындамаған жағдайдағы салдарын көрсете отырып, Кеңестің тиісті қарарымен бекітуге болады. Қазақстан денуклеаризациялау үдерісін дәйекті және ашық іске асыру үшін өз тәжірибесімен және техникалық білімімен бөлісуге дайын.