Қазақстан Палестинанының әлемдік қауымдастыққа қабылдауына қолдау білдіреді
Қазақстан Палестинамен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға зор маңыз береді
2018 жылғы 31 шілдеде Палестина Мемлекеті Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкинің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен орын алған келіссөздер барысында тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өз ұстанымдарын салыстырып, түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйіне баға беріп, келешегін анықтады.
- Қазақстан Палестинамен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға зор маңыз береді. Аталған ынтымақтастықтың негізін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда 1991 жылы Палестинаны азат ету ұйымының, Палестина Ұлттық Әкімшілігінің көшбасшысы Ясир Арафаттың елімізге, сондай-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы Палестинаға жасаған сапарлары қалады, - деді Қ. Әбдірахманов кездесудің қорытындысы бойынша.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Палестинаның Сауда, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы палаталарының федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындарды ілгерілету үшін ақпарат алмасуды көздейді. Сондай-ақ тараптар «мүдделі тұлғаларға консультациялық қызмет, жобаларды сүйемелдеу, заңгерлік консультациялар, серіктестерді іздеу бойынша қызмет, іс-шараларды ұйымдастыру және қатысу ұсынады және қамтамасыз етеді» деп меморандумда айтылған. Қ. Әбдірахманов өз сөзінде ауыл шаруашылығы, медицина және туризм салаларын ерекше атап өтті.