Мәскеуде Астананың 20 жылдығына арналған көрме ашылды
29 маусымда Мәскеуде Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ХШЖК) аумағында Қазақстанның бас қаласының 20 жылдығына арналған архитектуралық көрменің ашылуы өтті
Салтанатты шараға Ресей Федерациясының бірінші вице-премьері – қаржы министрі Антон Силуанов, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты, деп хабарлайды Астананың ресми сайты.
- Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астананы Алматыдан ауыстыру туралы стратегиялық шешім қабылдады, нәтижесінде Астана деп аталатын қала дүниеге келді, – деді Асқар Мамин.
«Қазақстан» павильонының ғимараты 1937 жылы салынған және Көрмеге келушілерді Қазақ КСР халық шаруашылығының жетістіктерімен таныстыруға арналған. Кейінгі жылдары №11 павильон бірнеше рет жаңартылды, ұлттық нақыштағы қасбет 1954 жасалды. Сыртынан кесенеге ұқсайтын ғимарат 2011 жылы реставрациялау және павильонның базасында республикамыздың мәдени-көрме орталығын жасау үшін Қазақстанға 50 жылға жалға берілді. 1954 жылы реставрациялау барысында тарихи қасбеті, интерьері мен мүсіндік композициялары толығымен қалпына келтірілді, кіре берістегі гранит баспалдақтар жөнделді, орталық көрме залдың шыны күмбезі қайта жасалды.