Қазақстан мен Түркия стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге келісті
Кеңес барысында сауда, көлік байланысы мен инвестициялық серіктестікті тереңдете түсу жөнінде келісіп, бірнеше маңызды құжатқа қол қойды

Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Түркияны ежелден бауырлас, туыстас әрі тарихи байланысы терең ел деп атап өтіп, қазақ-түрік ынтымақтастығы ортақ құндылықтарға негізделген және кеңейтілген серіктестік рухында тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Ustinka LIVE тілшісі.
Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, өзара ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге ниеттіміз. Құрметті Президент мырза, Сізбен шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз өзара серіктестікті кеңейтуге дайын екенімізді тағы бір мәрте нақтыладық. Ол үшін қажетті әлеует те, ниет те жеткілікті. Бүгінде екі мемлекет арасында жан-жақты шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Алпысқа жуық екіжақты келісімдер бар. Бүгін де бірнеше құжатқа қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде сауда айналымын арттыру жайы да сөз болды. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 5 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткішті бірнеше есеге өсіруге мүмкіндік мол. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркияға 34 түрлі өнім түрін экспорттауға дайын. Бұл тауарлардың жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайды. Сонымен бірге, Түркиядан келетін өнім көлемін де көбейту қажеттігі атап өтілді.
Тараптар сауда-саттықты дамытуда көлік-логистикалық инфрақұрылымның рөлі ерекше екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын жетілдіруге айрықша көңіл бөлініп жатқанын айтып, заманауи теміржол желілерін, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға, сондай-ақ кеме жасауда түрік инвесторларын тартуға мүдделі екенін жеткізді.