Елбасы Ұлттық банк басшысымен кездесті
Қазақстан президенті экономикалық көрсеткіштердегі алға ілгерілеушілікті атап өтіп қана қоймай, Ұлттық банк жұмысындағы кемшіліктерге назар аударды
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2018 жылы атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде есеп беріліп, елдегі валюта-қаржы нарығының қазіргі ахуалы туралы баяндалды.
Елбасы бірқатар экономикалық индикаторлардың оң қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өтіп, инфляция деңгейін төмендету үшін қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы мәселеге тоқталды.
- 5,3 пайыз деңгейіндегі инфляция – бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ, бұған экономиканың тиімділігінен емес, нарықтағы өтімділік көлемінің қысқаруы есебінен қол жеткізіліп отыр. Ұлттық банк пен Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы нашар. Қаражатты айналымнан шығару арқылы инфляцияны одан әрі төмендетуге болады, бірақ бұл шешімнің экономикаға қалай әсер ететіні белгісіз. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді несиелердің азайғанын байқауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.