Қазақстанда кей борышкерлердің ипотекалық қарыздары кешірілуі мүмкін
Осындай ұсыныс айтқан қоғамдық бірлестік өкілдерінің бастамасын Ұлттық Банк те қолдап отыр
Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың қордаланған ипотекалық қарыздары кешірілуі мүмкін, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Бұл туралы Алматыда Ұлттық банк жанындағы жұмысшы топтың отырысында мәлім болды. Арнайы бағдарлама қабылданатын болса, 4 категориядағы адамдардың берешігі қайта қаралады. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманы Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер де қолдап отыр.
- Жалпы өздерінің төлей алмайтындай жағдайдағы 1, 2-топ мүгедектері, толық отбасы еместер, соғыс ардагерлері, зейнеткерлердің мәселесін шешуі керек. Әрине, ол шешілетін шаруа. Екіншіден мұны Ұлттық банк өте жақсы қабылдады. Бұл дұрыс деп отыр. Себебі, ол халыққа өте тиімді, - дейді "Ер бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ризабекова.
Қоғамдық бірлестік төрайымының есебінше, осы категорияға Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Атырау және Палодар өңірлеріндегі 2 мыңға жуық адам жатады. Сондай-ақ, ипотекалық қарызы бар 6 тұл жетім қоғамдық ұйымдардан көмек сұраған. Қалған аймақтар бойынша ақпараттар жиналып жатырған көрінеді.