Шымкент мен Түркістан облыстарында жер салығы өседі
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шымкентте жер салығы 9,17 теңгеден 19,3 теңгеге дейін өседі
Бұл туралы бүгін ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мұрат Теміржанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
- 2020 жылға дейін Шымкент үшін жердің бір шаршы метрі үшін салық 9 теңге 17 тиынды құрайды. Заң жобасына сәйкес, 2020 жылдан бастап бұл салық мөлшері Астана қаласымен теңесіп, шымкенттіктер 19 теңге 30 тиын төлейтін болады. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін 2018 жылдың шілде айынан алды. Не себепті Шымкентке бір жылдай уақыт беріліп отыр? - деп сұрады Теміржанов мәжілістің жалпы отырысында.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов үкіметтің аталған өңір тұрғындарының табысын ескергенін айтты. Сондай-ақ, 2020 жылы жаңа субвенциялар бөлінетініне тоқталды.
- Жергілікті бюджеттің кіріс базасы есептелді. Ол бұрынғы ставкалар ескеріле отырып, 2019 жылға дейін есептелген, сондықтан жаңа мөлшерлемені 2020 жылдан енгізу ұсынылды. Бұл субвенцияларды өзгертпей, жергілікті бюджеттің тұрақты болып қала беруіне жағдай жасайды. Екіншіден, халықтың жаңа салық мөлшеріне дайындалуына уақыт береді, - деді ол.