Қазақстан үкіметі мемлекеттік сатып алу саласына көңіл бөлмек
Мемлекеттік сатып алу саласында орын алып отырған заңсыздықтар мен мәселелер талқыланды
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік сатып алулар саласындағы құқық бұзушылықтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
- Бұл заң жобасы мемлекеттік сатып алулар жүйесін жақсартуға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге бағытталған. Сондықтан Үкімет мүшелері де, депутаттық корпус та енгізген өзгерістер қылмыстардың алдын алуға және қызметтерді талапқа сай жетілдіруге зор ықпал етеді деп сенеміз. Мәжілістің жалпы отырысында айтылған ұсыныстарды назарға алып, заң жобасын екінші оқылымға жан-жақты дайындауымыз қажет, - деп тоқталды Н. Нығматулин.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы бүгінде осы салада орын алып отырған кемшіліктерге тоқталып өтті.
- Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алулар саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жыл сайын өсіп келеді. Тек биылғы сегіз айда саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар 2017 жылғы көрсеткіштерден екі есеге асып түсті. Егер 2017 жылы 42 жағдай тіркелсе, ал биылғы 8 айда 74-ке жетті. Тәртіптік жауапқа тартылғандар төрт есеге артты, олар негізінен мемлекеттік қызметшілер. 2017 жылы 61 адам болса, 2018 жылғы сегіз айда 267 адам жазасын алды, - деді Нұрлан Нығматулин.