Ауыл шаруашылық министрлігі көкөністің неліктен қымбаттап жатқанын түсіндірді
Мәселенің барлығы тұрақтандыру қорына бөлінген мемлекеттік ақшаны басшылар банк депозиттеріне салып қойған. Ал азық-түлік сатып алынбаған
Қолда бар қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктердің кесірінен көкөніс құны аспандап кеткен, деп хабарлайды КТК теларнасының тілшілері.
- Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бір жарым миллиард теңгені депозитке салып қойған. Соның кесірінен осы облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 8 пайызға өсті, - дейді ҚР Ауыл шаруашылық вице-министрлігі Қайрат Айтуғанов.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз секілді әлеуметтік тауарлардың бағасын ұстау үшін әр облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Ондағы миллиондарға жыл сайын азық-түліктің бір бөлігі сатып алынып, кейін тапшылық кезінде арзан бағамен нарыққа шығарылуы тиіс.Осылайша, бағаны ұстап тұруға мүмкіндік бар. Бірақ сол қорға жауаптылар құнды тұрақтандыруға арналған ақшаны депозиттерде айналдырып табыс тауып жүр дейді вице-министр. Сондықтан тапшылық кезінде баға бірнеше есеге өсіп, алып-сатарлар да ойына келгенін істеп жүр. Ал, премьер бұлайша бағамен ойнағандарды қатаң жазалауды тапсырды.
-Бағаны тұрақтандыруға қатысты жарты жылда бірде-бір келісім орындалмаған. Азық-түлік бағасы аспандай беретін болса, қорларды не үшін құрдық? Сондықтан құрметті әкімдер осы мәселеге жауаптыларды анықтап, қордың жұмысын реттеңіздер, - деді премьер-министр Б.Сағынтаев.