Павлодар облысында қысқы дизель отынын өндіретін зауыт салынады
Биыл аяқталатын жоба құны 1,8 млрд теңгені құрайды
Шидертіде қысқы дизель отынын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың «Нұр Мұнай М» компаниясының басшысы Қайырлы Ғалиевпен кездесуі нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды қазақстан-2050 сайты
Өңір әкімдігінде хабарлағандай жыл соңында аяқталатын жобаның құны 1,8 миллиард теңгені құраған
Жоба мәскеулік инжинирингтік компаниямен жасалды. Қазір Шидерті ауылының маңайынан 1,5 гектар жерді жалға беру уақытын созу үрдісі жүріп жатыр. Билік тарапынан қолдау бар, бюрократия жөнінде әңгіме жоқ.
Облыс әкімдігінің ақпаратынша, зауытта Цельсия бойынша -25-тен -55-градуста қолдануға болатын отын өндіру жоспарлануда. Сонымен қатар өнеркәсіпте АИ-72 және АИ-76 маркалы жанармай өндірілетін болады.
Аталмыш кәсіпорын құрылысы - өңірімізге қажетті және пайдалы жоба. Төмен температурада жұмысы тоқтайтын өнеркәсіптер тоқтаусыз жұмыс үшін қысқы дизельді отын алатынына сенімдімін, - деді әкім Болат Бақауов.
Сонымен қатар, зауыт іске қосылған кезде инвесторлар Шидерті ауылындағы тастанды үйлерді қалыпқа келтіріп, болашақ қызметкерлеріне ұсынатын болады. Бұл сұрақты өңір басшысы Екібастұз әкіміне шешуге тапсырды.