Қыста қашықтықтан оқыған оқушылар "жазғы мектепке" қалады
"Жазғы мектеп" су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі және қыс мезгілінде қашықтықтан оқу форматы жүргізілген оқушыларға арналған
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйенсек, оқушылар 27-31 мамыр аралығында тағы да сабақ оқуы керек болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Негізгі мақсат – оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.
Су тасқыны орын алған өңірлердегі 2 622 мектептің оқушылары үшін "Жазғы мектеп" аясында өз уақыттарын пайдалы өткізу мүмкіндігі берілуде. Оқыту икемді кесте бойынша қызықты форматта ұйымдастырылады. Жазғы мектеп су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын, сондай-ақ қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты қашықтықтан оқытудан өткен 832 мың оқушыны қамтиды деп жоспарлануда. Оқуға балалардың қызығушылығын тудыру мақсатында мұғалімдер баға қоймайды және үйге тапсырма бермейді, - дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Айта кету керек, "Жазғы мектепке" балалар өз еркімен және ата-аналарының келісімі бойынша қабылданады.