Наурызнаманың алтыншы күні – Жаңару
Әз-Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес 19 наурыз - "Жаңару күні" деп аталады
Осыдан бес жыл бұрын ел тағдыры үшін маңызды шешім қабылданды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Тұңғыш президент дәл осы күні өзінің биліктен кететінін мәлімдеген. Биыл қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолға алғанына 5 жыл толды.
19 наурыз ел тарихындағы бетбұрысты күн болды, содан кейін біздің қоғамда түбірлі өзгерістер мен жаңару үрдісі басталды. Шын мәнінде, бұл – қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін еліміздегі жаңа әлеуметтік-саяси өзгерістердің басы еді.
Бұл күні сөзбе-сөз мағынада да, қоғамдық-саяси тұрғыда да "өмірдің жаңаруын" бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады.
"Жаңару" күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді.
Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты.
Елімізде жаңару символдарының бірі – "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасы, оның аясында ел өмірінің түрлі салаларында оң өзгерістер (саяси және экономикалық реформалар, білім беру саласы және т.б.) жүзеге асып жатыр.
Сондықтан, саяси пайымға сүйенсек, Қазақстан үшін Наурыз мейрамы – қуаныш пен шаттық мерекесі ғана емес, сонымен қатар өткенді қайта қарау және болашаққа жоспар құру кезеңі.