Өскеменде ЖЭО салу үшін зейнетақы қорынан ақша жұмсалмайды
Семей, Көкшетау, Өскемен қалаларында салынатын жылу электр орталықтарына БЖЗҚ қаражаты салынбайды
Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тілшілер Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталығын салуға неліктен ресейлік инвесторға таңдау түскенін сұрады.
Жылу электр орталықтарына қатысты жоба инвесторлар қаражаты есебінен іске асырылады. Тиісті келісімшартқа шетел компаниясы қол қойды. Яғни, "Самұрық Энерго" мен ресейлік "Интер РАО" компаниялары жүзеге асырады. Ресейлік технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, бастапқыда қазандықтарда көмір жағады, кейіннен олар газға ауыстырылады. Көкшетауға газ құбыры тартылған кезде, осы көмір стансаларында газ жағылады, - деді Роман Скляр.
Бұл ретте ол аталған жобаларға қаражатты инвестор салатынын нақтылады.
Бұл жобаларға зейнетақы қорының қаражаты жұмсалмайды. Оған шетелдік инвесторлардың қаражаты тартылады. Бұл қаржы тариф есебінен қайтарылады, - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, бірінші салынатын Көкшетаудағы станцияның техникалық-экономикалық негіздемесі бар. Одан кейін Семей мен Өскемендегі жобалар іске асырылады.