Қазақстанда іздеуде жүрген күдікті Испаниядан жеткізілді
ҚР Бас прокуратура қаржы пирамидасын құрғаны үшін тағы бір күдіктіні Испаниядан экстрадициялады
Ол 2016-2017 жылдары елде қаржы пирамидасын құрғандардың қатарында болды деген күдікке іліген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Бас прокуратураның ақпаратына сүйеніп.
Бүгін ҚР Бас прокуратурасының және ІІМ-ның Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Испания Корольдігінен қаржы пирамидасының қызметіне байланысты трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысқаны үшін күдіктіні экстрадициялады, - делінген хабарламада. - Ол 2016-2017 жылдар аралығында заңсыз материалдық пайда көру мақсатында басқа елдердегі адамдар тобымен "Questra Holding" компаниясын құрды деген күдікке ілінген.
Қылмыскерлер қаржы пирамидасын әр түрлі елдердің аумағында кедергісіз тарату мақсатында интернет желілерде салымшыларды көбірек тарту үшін компанияның ойдан шығарылған инвестициялық портфельдерін сату туралы ақпарат орналастырылған веб-сайттар ашқан.
Бұл топ 800-ден астам азаматты алдап, 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер халықаралық іздестіруге жарияланған.
Бас прокуратураның экстрадициялық сұрауы бойынша іздеудегілердің бірі 2022 жылдың желтоқсанында Испания аумағында ұсталды. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы қылмыскерлерді экстрадициялау туралы шарт 2012 жылдың 21 қарашасында бекітілгенін айта кеткен жөн.