Қазақстанда қызылшадан екі бала көз жұмған
Оның бірі Шығыс Қазақстан облысында, екіншісі Астана қаласында орын алған
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Қызылша ауруынан 2 бала өлімі тіркелді. Олар – 1 жасқа дейінгі балалар. Олар қызылшаға қарсы екпе алу жасына толмаған. Бұл оқиға Астана мен Шығыс Қазақстан облысында болды. Бір бала шала туған. Оның бұған дейін де басқа да ілеспе аурулары болған. Соңына ол қызылша жұқтырған, - деді Айжан Есмағамбетова.
Бүгінде қосымша вакциналауға жататын 1,5 млн адамның 608 мыңнан астамы егілді, қамту 40,5% құрады.
Қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау да жалғасып жатыр. Мәселен, жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі (ДДҰ ұсынған кемінде 87,1% кезінде 1 жастағы балалардың 94,1% және 6 жастағы балалардың 93,4% қамтылды).