Мектеп асханаларына ұлттық тағамдар енгізілмек
Қазір Астананың алты мектебінде "Ұлттық мектеп асханасы" жобасы пилоттық жобасы іске қосылған
Осылайша мектеп асханасының ас мәзіріне ұлттық тағамдардың 50 түрі енгізіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Бішкекте ТМД елдерінің "Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты" тақырыбында бірінші халықаралық форумы өткен. Оған қатысқан ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектеп тамақтануына ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі екенін айтты.
Осы мақсатта министрлік Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде "Ұлттық мектеп асханасы" пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Жаңа үлгіде мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша кезең-кезеңімен шаралар кешені қарастырылған.
Әрбір мектеп оқушылардың "салауатты өмір салтын ұстанатын мектебіне" айналуы тиіс. Мектептің кез-келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. "Ұлттық мектеп асханасы" жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл көп ғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі, - деді Наталья Жұмаділдаева.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, оның ішінде 1,4 миллион бала 1-4-ші сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11-ші сынып оқушылары.
Сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормаларын қайта қарады. Атап айтқанда, ас мәзіріне өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комиссиялардың және ведомствоаралық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мониторингтік топтардың қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.